КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

«ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ТАМЫЗ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Бүгін, Келес ауданының білім беру саласы қызметкерлерінің «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Айта кететіні, дәстүрлі тамыз конференциясы жылдағыдан ерекшелігі онлайн форматта өтті. Өткен жылды қорытындылап, жаңа оқу жылындағы атқарылатын шараларды пысықтау мақсатында өткен конференцияға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев және аудандағы білім ошақтарының директорлары мен ұстаздары «ZOOM» бағдарламасы арқылы жүздесті. Шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиев Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүйелі жұмыстарды баяндап, жаңа оқу жылынан бастап 11сыныптар жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен оқитынын жеткізді. Онлайн кездесуде сөз алған аудан басшысы Ақментай Есбаев жаңа оқу жылымен ұстаздар қауымын құттықтап, дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын маңызды жиын екенін жеткізді. – «Құрметті әріптестер! Алдымызда үлкен міндеттер тұр. ҚР Үкіметі мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес облысымызда жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биылғы, жаңа оқу жылындағы негізгі басымдық білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру болып отыр. Жаңа оқу жылында аудандағы 63 мектепте 32 600 оқушы білім алады деп күтілуде. Биылғы оқу жылында Үкімет тарапынан облыс мектептеріне үлкен көмектер көрсетілуде. Атап айтқанда, Үкімет резервінен 2315 компьютерлік техниканы(219 компьютер,1593 – ноутбуктер, 503- планшеттер) сатып алуға тиісті қаржы бөлінуде; Жергілікті бюджет есебінен 100 ноутбук сатып алынды. Демеушілер есебінен 775 оқушыға 105 планшет, 483 смартфон, 187 ноутбук берілді. Сондай-ақ, білім нысандарының құрылысын мемлекеттік жекешелік әріптестік жүйесі арқылы жүргізу – бүгінгі таңда өзекті мәселе. Біз бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін арттыру қажетпіз. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет» екенін аудан басшысы атап өтіп, Ұстаздың қоғамдағы рөлі туралы тұщымды ойымен бөлісті.«Ұстазы жақсының – Ұстанымы жақсы деген дана халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Барлығымыз кезінде мұғалімнен тәлім-тәрбие алып, білімін үйрендік. Ұстаздың алдында бас имейтін адам жоқ. Бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау Республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бір ғана мысал, әлемдегі ұстаздардың ең үлкен еңбек жалақысы – Германияда, сосын Жапония мен Францияда екен. Болашақта біз де осы деңгейге шыға аламыз деген сенімде болуымыз керек. Мемлекет басшысы осы мәселені өткен жылғы конференцияда атап өтті. Сонымен қатар, барлығыңызға мәлім бүгінгі күні ұстаз мәртебесі ата-аналардың алдында ауыз толтырып айта алмаймыз. Барлығымыз бірлесіп, ұстаз мәртебесін көтеруде бірлесе жұмыс жасағанымыз дұрыс деп санаймын» – деп өз ойын ортаға салды аудан әкімі. Дәстүрлі шара өткен жылы жетістіктерімен ауданның абыройын асқақтатқан тұлғалар мен ардагер ұстаздарды облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы және аудан әкімінің марапаттарын хабарлауымен жалғасып, онлайн форматта ата-аналар комитетінің төрағалары мен мектеп директорлары жарыссөзге шығып ұсыныс-пікірлерін жеткізді.