КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

ХАЛЫҚТЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМСЫЗ ЕТУ ҮШІН 7 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Биылғы жылы Келес ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге 7 жаңа нысанның құрылысы басталды. Оның бесеуі биылғы жылы ел игілігіне тапсырылса, қалған екеуі келесі жылға өтпелі құрылыс болып табылады.Соның бірі аудан орталығына жақын маңдағы Біртілек ауылдық округінің орталығын ауыз сумен қамтамасыз етіп жатқан «Силлур» ЖШС-нің учаскелік бастығы Нартпай Акимов: «Біртілек ауылдық округінің орталығын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Аталған құрылыс аяқталса 1 222 абонентке су беріледі. 65 метр тереңдікте екі ұңғыма қазылып, суды тазарту жұмыстарын атқаратын құрылғыларды қойып, суды шығардық. Ендігі жұмыс су кернейлерін тастап, сорғылайтын құрылғыларды қойамыз. Қазылған екі ұңғымадан су, тазарту қоймасына барып, одан 200 кубтық сақтау ыдысына жиналады. Күрделі тазарту жұмыстарынан кейін, халыққа суды жібереміз. Биылға осы су жіберу пунктіндегі жұмыстарды бітіріп, ауыл ішіндегі 4 шақырым қашықтыққа су құбырларын тастаймыз» – деп мәлімдеді. Бұл нысанның құрылыс монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, 2021 жылдың тамыз айында аяқталуы жоспарланған. Сараптама қорытындысы бойынша 65 метрдегі судың қоры 20 жылға жетуі айтылған. Тағы 6 елді мекенде, атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округі Бозсу елді мекені, Біртілек ауылдық округі Амангелді елді мекені, Бірлік ауылдық округі Бірлік елді мекені, Жамбыл ауылдық округі Бекбота, Ащыкөл, Қалғансыр елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары басталды.Қазіргі таңда аудан аумағындағы халықтың 69,9 пайыз ауыз сумен қамтылған. Аталған 7 нысанның құрылыс аяқталса таза сапалы ауыз сумен қамтылған халықтың үлесі 70,9 пайызға жетуі көзделуде.