КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Қадірменді мұсылман бауырлар, құрметті жерлестер! Сіздерді әлемдегі барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Сонау тарих тереңінен ата-бабаларымыз жол қылып, бізге мирас болып келе жатқан бұл мерекеде мұсылман қауымы тек мал шалумен шектелмей, өзінің ой-ниетін түзеп, қоғамға, адам баласына құрметпен қарау, кемтарларға қамқор қолын созу сияқты игі істер жасауды парыз тұтқан. Бұл күнді ерекше қастерлі күн санап, қуанышты күнде бір-біріне ілтипат көрсетіп, жарқын жүзбен қауышқан. Құрбан айт адамдардың бір-біріне өзара мейірімді, қайырымды болуын насихаттайтын, ізгілік пен имандылыққа үндейтін, ұлт пен ұлысты ұйыстырып, халықтарды жақындастыратын қасиетті мереке.Биылғы жылы әлемде орын алып жатқан пандемияға байланысты, көптеген шектеулер орын алып жатыр. Еліміздегі Құрбан айт мерекесі Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп отыр. Карантин кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды және халықтың денсаулығы үшін сақтық шараларын қадағалауларыңызды сұранамыз. Қазіргі жағдайда баршаңыз бұл мәселеге түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Ендеше, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашатын, береке мен бірлікті, мейірім мен меймандостықты арттыратын Құрбан айт мерекесі қарсаңында береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңыраққа игілік пен амандық тілеймін! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!Құрбан айт құтты болсын! Ізгі ниеттеріңізге нұр жаусын!Құрметпен, Келес ауданының әкімі Ақментай ЕсбаевКелес аудандық мәслихатының хатшысы Арын Тотиков