КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕП, БОЛАШАҚҚА АМАНАТ ЕТУ – ЕЛІН СҮЙГЕН ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ.

«Ешан» атанып кететін Ишан Шадманқожаұлы 1833 жылы Ташкент маңындағы қазақ ауылдарының бірінде дүниеге келген. Жасынан діни сауатты болған. Заманындағы аса жоғары білімді ұстаздарға шәкірттік жасап, арнайы дәріс алған. Дінге айрықша берілгені сондай, 1600 күн жер асты мешітінде тұрып, Аллаға мінәжат еткен. Ал оразаны өмір бойы үзбеген. Көбінесе жеміс-жидек, көкөніспен қоректенген, ет жемеген. Осыдан кейін «ет жемес Ешан ата» атанып кеткен. 1866 жылы Келес өңірінің игі жақсылары Ишан атаны орталарына алдырып, елде бас-көз болуға қолқа салады. Келес өзенінің жағасынан ақ қанатты киіз үй тігіп беріп, барлық жағдайын жасаған. Осыған орай әулие ата жергілікті халықты алғаш рет егіншілікке, бағбандық пен сауда-саттыққа баулыған. Қаншама бау-бақша еккізген. Бұған қоса жұртты жол, көпір, тұрғын үй салуға үйретіп, отырықшылдыққа бейімдеген. Сол еңбегінің нәтижесінде бір жылдың ішінде осы алаптан қазіргі Абай ауылы ірге көтерген. Бұл елді мекен 1934 жылға дейін өзінің негізін қалаушы қайраткердің есімімен «Ишан базар» деп аталып келді. Соның ыңғайымен өңірдегі жамағат әлі күнге дейін ауылды ауыз екі тілде «Абай базар» деп те атап жатады. Қалай дегенде де, бұл өңірдің жұртшылығы өздерінің ата-бабаларының ертерек отырықшы елге айналып, диқаншылықты кәсіп ете бастағандары үшін аталмыш тұлғаға қарыздар. Ешан атаның емшілік қасиетінің өзі бір төбе. Оның қасида оқуын меңгеру арқылы жасайтын шипасының сырын әлі күнге дейін ешкім түсіндіріп бере алған емес. Осының бәрі біліммен, іліммен келсе керек. Бір ғажабы, 1867-1882 жылдарда бүкіл Түркістан өлкесін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған генерал-губернатор Константин Кауфманға исламды мойындатып, мұсылман дінін қабылдатқан да осы «ет жемес Ешан ата» екен. Сол әулие кісінің жұртқа жасаған қайырымдылығы да халықтың жадында. Ол Келес өңірінде бір мезгілде 3000 адам намаз оқи алатын 6 күмбезді мешіт салдыртқан. Өкінішке қарай, ол құтхана кеңес кезеңінде қолдан бұздырылған. Қуанарлығы сол, 1978 жылы намазхан жамағаттың бастамасымен бұрынғыдан гөрі шағынырақ «Ешан баба» мешіті қалпына келтірілді. – Ешан ата Хаққа қызмет етуді халыққа қызмет ету деп білді. Ханафи мазһабының басты қағидаттарын сақтай отырып, жартылай көшпелі халықтың ислам талаптарына сәйкес мұсылманшылықты ұстануына тиімді ақыл-кеңестерін берді. Соның нәтижесі мен шарапаты болар, оңтүстік өңіріндегі халық бүгінде «әлімсақтан бері мұсылманбыз» деп ынтымақ, бірлікте бір-біріне дос-бауыр болып өсіп-өніп жатыр, – дейді журналист Оңғар Исаев.