КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Құрметті жерлестер, аудан тұрғындары!

Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің 03.04.2020 жылғы №10 қаулысына сәйкес мәлімдеймін:

Келес ауданында Автовокзалдардың қызметі тоқтатылды. Қозғалыстың интервалын ұлғайтумен және линиядағы қозғалыс құрамын азайта отырып, дезинфекция режимін күшейтіп ауыларалық қоғамдық көліктің қозғалысы шектеледі.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға (адамдар көп жиналатын объектілердің меншік иелері мен жалға алушыларына) техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері болатын жағдайда, қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс режиміне көшіру ұсынылды.
Аудан аумағын дезинфекциялау, дәрілеу жұмыстары басталды:
– азық-түлік дүкендері мен базарлар күнделікті;
– тротуарлар, жолдар және оларға іргелес аялдама кешендері жол қиылыстары, сауда алаңдарының сыртқы элементтері мен учаскелері кестеге сәйкес залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Дезинфекция жүргізу кезінде денсаулыққа зиян келтірмеу үшін өңдеуден кейін 5 сағат ішінде көшеге шықпауы тиіс.
Сонымен қатар, халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында 3 пост үздіксіз жұмыс атқаруда. Барлық елді мекендердің кіреберіс жерінде бекеттер орналасса, ауылдарда құрылған топтар тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Аудандағы азық-түлік базарларынан басқа, мал базары, мейрамханалар, мектептен тыс мекемелер, балабақшалар, сонымен қатар, мешіт және исламдық емес ғибадат орындары мен қоғамдық моншалардың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Сырттан келген індетпен күресте әкімдікпен бірге аудандағы мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер белсене қатысуда.
Аудандағы барлық емдеу мекемелерінде карантин енгізіліп, ауруханада жатқан науқастарға келушілерді кіргізуге тыйым салынды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде, бұқаралық және көрнекі ақпарат құралдарында, LED экрандарымен қатар мешіттер мен клубтарда, жылжымалы автокөліктерде дыбыстық күшейткіш аппаттары арқылы аудан тұрғындарына түрлі бағытта кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Құрметті аудан тұрғындары!

Қазіргі таңда ауданда алаңдауға негіз жоқ. Келес ауданының аумағында коронавирус тіркелген жоқ. Сақтық шаралары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр.

Құрметті жерлестер!

– бүгінгі күнде бетперде тағып жүру қатаң режимде сақталу қажет;
– Адам көп жиналатын жерлерге баруды;
– үйден себепсіз шығуды, көшеде топталып 3 адамнан артық жиналып, мақсатсыз жүруге болмайды.
– Барлық мезгілде кәмелетке толмаған балалардың бейберекет жүруін тоқтату қажет.
– аудан аумағына сырттан кіруге және шығуға тыйым салынады;
– Азық-түлік базарларының жұмысы сағат 10:00-ден сағат 17:00ге дейін.
– асханалар мен кафелерде тапсырыс сағат 10:00-ден сағат 18:00-ге дейін өзімен алып кету режимінде жұмыс істейтін болады.
– Кез келген отбасылық мерекелер мен ас беру сынды жиындар тоқтатылсын.
– Аудан аралық байланыстың барлық қоғамдық көліктер мен жеке тасымалдау қызметтеріне шектеулер қойылды.
– Келес ауданына шет мемлекеттен және өзге де қалалардан іс-сапармен немесе қыдырып келген қонақтар болған жағдайда міндетті түрде жергілікті әкімшілікке хабар берулеріңіз қажет.
Барлық шектеулер мен ескертпелерді қатаң сақтау сұралады.
Ең бастысы еліміздің, отбасымыздың амандығын сақтау үшін үйіңізде болыңыз.

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев