КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының сомасы 10,8 триллион теңгеден асты Қазақстанның маңызды қаржы институттарының бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2019 жылды қорытындылады.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының сомасы 10,8 триллион теңгеден асты

Қазақстанның маңызды қаржы институттарының бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2019 жылды қорытындылады.

2020 жылдың 1 қаңтарына қарай барлық көрсеткіштер бойынша даму серпіні оң сипатқа ие. Нақты айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарына қарай Қордың зейнетақы жинақтары 10,8 триллион теңгеден асты. Ал жарналардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 10 миллионнан асып отыр. Дәлірек – 10 672 567 бірлікті құрап, бір жыл ішінде 3 пайызға өсті. Жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған – 9,9 млн бірлік. Бұдан кейінгі орында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша ашылған шоттар – 0,5 млн бірлік. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша да өсім байқалады. 2019 жылдың соңына қарай ЕЗЖ бойынша ашылған шоттардың саны – 54 365 бірлікке жетіп, 2018 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 14 пайызға көбейді.

Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен  қалыптасқан. МЗЖ есебінен жиналған жинақ ақша 10,6 трлн теңгені құрап, 2019 жылдың басынан бері 15 пайызға өсті.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 246,1 млрд теңгеге (өсім – 25%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 1,9 млрд теңгеге (өсім – 4%) жетті.

2019 жылдың басынан бері салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс – 641,8 млрд теңге. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы – 6,57 пайыз. Ал инфляция деңгейі – 5,4 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы оң сипатқа ие.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz