КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА МЫҢ АЛҒЫС

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА МЫҢ АЛҒЫС

Келес ауданының Мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлы есім» атты салтанатты іс-шара өтті. Мұғалімдер күніне арналған жиынға аудан әкімі А.Есбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық депутаттар, ардагер ұстаздар, аудан педагогтары мен оқушылар қатысты. Кешті аудан әкімі Ақментай Үсенұлы ашып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. – Мағжан Жұмабаев: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері мыңдаған түлекті қабырғасынан түлетіп ұшырған, өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол ұстаздарымыздың еңбегі қашан да зор құрметке ие. Игілікті ісімен, салиқалы сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері сіздерсіздер дегім келеді, құрметті ұстаздар! – деді Ақментай Есбаев. Сондай-ақ Ақментай Үсенұлы қаншама жылдар бойы ұстаздық етіп, еліміздің өркендеуі мен ұрпаққа берген мол тәлім тәрбиесіне сүбелі үлестерін қосқан бір топ ардагер ұстазадарымызға алғыс хатпен естілік сыйлықтарын табыстады. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Бүгінгі таңда Келес ауданында 34 613 оқушы білім алуда. Оларға 3600 педагог дәріс береді. Мерекелік кеш соңы мектеп оқушыларынан құралған өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін негізге алсақ, ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды, жалпы адамзатты тәрбиелейді. Себебі, мейлі шахтер, ғалым, дәрігер, инженер, ғарышкер болсын барлығы да ұстаздан білім алады. Сондықтан да бүгінгі кәсіби мерекемізбен құттықтап, көңілге қуаныш сыйлағандарыңызға мың алғыс,» –деп аудандық педагогтар ұжымы шәкірттеріне ізгі ілтипаттарын білдірді.

(с) Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі