КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

КЕНТАУДА «АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ!» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

КЕНТАУДА «АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ!» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

«Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімімен аталған көшелер мен даңғылдарды және ескерткіштерін тазалау, үйлеріне барып қолғабыс жасау жұмыстары жүзеге асуда. Кентау қаласында аталған партиялық жоба аясында көптеген жұмыстар атқарылып, игі істер қолға алынып жатыр.
«Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалының ұйымдастыруымен қала жастары С.Қожанов саябағындағы «Азалы ана» стелласына, «Кеншілер» саябағына, Қонаев даңғылына тазалау жұмыстары жүргізді.
Абаттандыру ісіне белсенді түрде атсалысқан жастар аллеяларды артық шөптерден тазартып, гүл егетін орындарды дайындады.
Іс-шара барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев Отанын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді аялау әрбір жастың парызы екендігін айтса, «Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сағынбек Асылбеков «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының барысымен таныстырды.
–Басты мақсат – ардагерлерге қолғабыс көмек көрсету және осы игі шара арқылы жастардың бойында елжандылықты қалыптастыру. Мұндай шараларды тек жоспарлы түрде ғана емес, ұдайы өткізіп отыруды қолға алып отырмыз, – дейді ол.
Қазіргі кезде Кентау қаласы бойынша 10 ардагер, 800-ден астам тыл еңбеккерлері бар. Ал, жастар саны 50 мыңнан асады. Аға ұрпақтың қалыптастырған ұлы ерлігін, келер ұрпаққа жеткізуді және елін қорғаған батырлардың есімдерін ұлықтауды жастар әрдайым назарында ұстап келеді.
– Біз мұндай акцияларды жиі өткізіп тұрамыз. Қаладағы әрбір оқу орындары әр ардагермен тұрақты байланыс орнатқан. Яғни, жағдайларын біліп, өзіндік көмектерін көрсетіп тұрады. Емханамен бірлесе ұйымдастыратын «Ардагер денсаулығы» атты акцияда қан қысымдарын өлшеп, денсаулықтарын тексереміз. Одан бөлек, ерікті жастар үйлеріне барып ауласын тазалап, отын-суын дайындап, үйішілік жұмыстарына көмектеседі – дейді, қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Қанат Бекметов.
Мұнан соң, көпшілік қалаға қарасты Қарнақ ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ергеш Салиев пен тыл еңбеккері Анарбай Әбсадықовдың үйіне барып жағдайын білді. Сый-сияпат жасап, ұлағатты әңгімелерін тыңдады. «Енді әлемде соғыс болмасын!» – деген ардагерлер жастардың жақсы оқуы керектігін айтты. Ел бірлігін сақтап, тәрбиелі де тәртіпті, білімді болуы жайында қажетті ақыл-кеңестерін берді.
Жастар да ардагерлердің үйішілік жұмыстарына қолғабыс етіп, ауласының айналсына реттеу жұмыстарын жүргізді.
Көнекөз қариялардың әсерлі әңгімелерін тыңдап, батасын алды.

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі