КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Жыр жолбарысы – Абылай жыршы

Қазақ елінің күйін күйттеп, жырын жырлаған, елге ұйытқы, ер азаматтарға ақылгөй болған, ісімен де, жырымен де ханға да, бұқара халыққа да жөн сілтеген жырауларымыздың жыр-толғаулары – халқымыздың асыл қазынасы, өшпес мұрасы. Осы өшпес мұраны насихаттап, халық жанашыры болған жыраулардың жолын қуып, еліміздің мерейін үстем етіп жүрген Келес ауданының тумасы, дүлділдеріміздің бірі Абылай Асқарұлы Бөріханов – еліміздің мақтанышы.
Абылай Асқарұлы Бөріханов 1963 жылы 20 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданы Мақташы ауылында дүниеге келген. Бала Абылай жыршылық-термешілік өнерге жастайынан құмар болды. Өнер жолының дамуына атасы Бөріханның септігі тиген. Күнделікті кешкі астан соң, Абылай атасы Бөріханға «Қырымның қырық батыры», «Манас» эпосының «Семетей», «Сейтек» жырларын, «Көроғлы» дастанын оқып беретін екен. Сондықтан «жыршылық өнер атамнан дарыған болуы керек» дейді жыршы. 
Жыршының өміріндегі нұрлы сәттерінің бірі 1986 жылы бүкіл түркі еліне белгілі дарабоз жырау Өсербай Сәрсенбайұлымен кездесуі болған. Назары бірден түскен Өсербай жырау сол күннен бастап жыр жолбарысы, Келестің көкжалын, яғни Абылайды бір елі қасынан тастамайды. Ұстазынан алған жырды орындаудың 16 түрлі мақамын үйренгенін алтын дәуірі деп біледі. Алашты мойындатқан Абылай Асқарұлы 1986 жылы Бүкілодақтық халықтар творчествосы фестивалінің лауреаты атанған. 1987 жылы Қазақстан теледидардағы «Терме» хабарында 25 минут өнер көрсеткен соң, Абылай жырау қаншама жерлерде топ жарып, халықтың көзайымына айналды. 
2009 жылы «Ең үздік дәстүрлі ән орындаушы» деген атақ берілді. 
Қазіргі таңда Ұшқын ауылында мәдениет қызметкері болып қызмет ететін Абылай аға бұл күнде шәкірттер дайындап келеді. Үлкен ұлы Өсербай Бөріханов аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бүгінде облыс орталығындағы «Үміт» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепте ұстаздық етеді. Ал, кіші ұлы Нұртуған Абылайұлы әке жолын қуып, дәстүрлі ән өнерімен аудандық, облыстық байқауларға қатысып, қанаттанып келеді.

 

 

 

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.